ҚазМедиаЖелі: ұйымның жаңалықтары

Медиа суицидке қатысты хабарларды қалай жариялауы керек?

«Қазақстандық медиа желісі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі және Медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитет суицид тақырыбын БАҚ-та хабарлау мәселелеріне қатысты Орталық Азия журналистеріне арналған вебинар өткізді. 

Өкінішке қарай, мұндай жаңалықтар жиі шығып тұрады. Өзіне қол жұмсау оқиғасының медиада кең жариялануынан кейін, мұндай оқиғалар саны күрт артып, бұл Вертер синдромы немесе эффектісіне – суицидтің жаппай белең алуына апарып жатады. Осындай сәтте қайтпек керек? Оқиғаны қалай хабарлауға болады?

Гражина Раманаускайте – Литвада журналист этикасы бойынша омбудсмен. Ол бізге осы мемлекеттің тәжірибесін айтып берді. 2018 жылы Литва парламенті қоғамды ақпараттандыру туралы заңға түзетулер қабылдап, суицид оқиғаларын көпшілікке хабарлау ережесін өзгертті. Атап айтқанда, суицидті романтизациялап, оны проблеманы шешудің оңтайлы жолы немесе күнделікті факт ретінде түсіндіруге тыйым салынған. Автор өз-өзіне қол жұмсау немесе қол жұмсауға оқталу әрекеті жайлы хабарларды жариялау кезінде егжей-тегжейлі айтпауы керек, фотосурет пен жеке деректерді жарияламауы тиіс. Сондай-ақ, өзара көмек топтарының қолдау нөмірін ұсынуы қажет. 

«Өз-өзіне қол жұмсау бюросы психиатрларының айтуынша, БАҚ танымал адамның суицид оқиғасын жариялағаннан кейін, ертеңінде науқастар саны артады. Вертер заңы әрекет етуде. Түзетулер үш жыл бұрын қабылданған. Психиатрлармен сөйлестім, иә – суицид азайды. Мұның медиадағы жарияланымдармен тікелей байланысын дәлелдеу қиын, бірақ ақпараттың суицидке бейім адамдарға әсері бар екені бәріне түсінікті»- дейді Гразина Раманаускайте.

Светлана Богатырева, психология магистрі, Just Support қорының атқарушы директоры (Қазақстан). Светлана суицид тақырыбын қалай хабарламау жайлы 7 кеңес және суицид мәселесін қалай көтеру туралы 5 кеңес ұсынды. Ол ДДСҰ-ның  жасөспірімдер арасындағы суицид жайлы зерттеуіне сүйенген. Оның қоры қашықтан оқуға тап болған жасөспірімдердің моральдық-психологиялық жағдайы туралы зерттеу жүргізген.

«Балалардың өз өмірін қию оқиғаларынан Вертер эффектісін көріп отырмыз. Бізде журналистер әдеби форманы жақсы көреді. Мұндай мәтін көбірек назар аударардай. Алайда бұл романтизация сияқты әсер етеді. Буллингке тап болып, жалғызсыраған балалар одан үлгі алады. Рина Поленкованың (Ресей) пойыз астына түсіп өзіне қол жұмсауы, артынша ВКонтакте желісінде жазбалар, күнделіктер, мемдердің шоуға айнала жарияланған танымал оқиғасы бар. Осыдан кейін еліктеу толқыны өте ұзақ, бірнеше ай бойы болды», - деп түсіндірді Светлана Богатырева.

БЫЛАЙ ЖАРИЯЛАУҒА БОЛМАЙДЫ:


  1. Суицид оқиғасына гипертрофияланған мағына беру: бірінші бетке жариялау, айғайлатып тақырып қою. Гипертрофияланған лексика қолдану: суицид эпидемиясы, үрей толқыны, т.б. Гламур немесе қаһармандық реңін беру (Ромео мен Джульетта шатырдан секірді).
  2. Оқиғаны егжей-тегжейлі – оқиғаның тарихын, орнын, дайындық детальдарын, оқиға орнынан фотолар немесе әдісті суреттейтін көріністер, қоштасу хаты, видео, т.б. Себеп: бұлар осыған ұқсас суицид әрекетін жасауға дайын нұсқаулық болуы мүмкін. Осы жайлы ойланған адам өз ойлары мен бастан кешкен оқиғалары арасында көп ұқсастық табуы мүмкін.
  3. Соңғы болған оқиғаны себеп ретінде көрсету, себеп ретінде сипаттау. Жиі кездесетін қателік: “Бала екілік алғаны үшін биіктен секіріп кетті”. Себеп: Суицид – кешенді және көпфакторлы проблема, ал соңғы оқиға – ол ұзақ уақыт бойы іште жиналған қысым мен бұзылған психологиялық жағдаят себебінен алшақтататын тек ақтық оқиға.
  4. Жанұя, оқу, жұмысына қатысты детальдарға тереңдей ану. Себеп: бұл жақын адамдарды – туыстарын, достарын жаралап, оларды да суицидка сүйреуі мүмкін. 
  5. Жорамал жасап, тергеушілерден бұрын кінәліні анықтап тастау. Себеп: толық емес, тексерілмеген, үстіртін ақпарат кінәсіз адамдарды көпшілік алдында қудалауға апаруы мүмкін.
  6. Ұқсас контентке сілтеме беру, ұқсас басқа мақалалармен байланыстыру. Себеп: бұл оқып отырған адамның негатив көңіл-күйі мен депрессиясын арттырады. Бүкіл жәрде барлығы жаман деген әсер қалдырады.
  7. Өмірден өткен адам жайлы айтқанда, оның өмірі қандай ауыр болғанын жеткізу (несие, күйеуінің тастап кетуі, банкроттық, т.б.) Себеп: бұл қиын жағдаятқа тап болған адамдарға осылай істеуге болады дегендей мағына береді.

ҚАЛАЙ ЖАРИЯЛАУ КЕРЕК?


  1. Сенімді, тексерілген дереккөзге сілтеме жасаңыз. Егер материалда статистика немесе зерттеу қолданылса, оған сілтеме бере кетіңіз: жарияланған жылы, жұмыспен қайдан танысуға болады, т.б. 
  2. Қысқа, нақты, эмоциясыз. Бұл фильм сценарийі емес, бұл – жаңалық. 
  3. Мәселеге жауапкершілікпен қараңыз – бұл жайлы жазудың қажеті бар ма, жоқ па? Егер қосар жаңа ештеңеңіз болмаса, жазбаңыз. Жай ғана қайталаудың керегі жоқ.
  4. Ол адаммен таныс болған, оны білген баршаға көңіл айтыңыз.
  5. Менталды саулыққа қатысты сарапшылар кеңесін және көмек үшін хабарласуға болатын орталықтардың контактісін беріңіз. “Кім кінәлі?” емес, “Не істеу керек?” деген сұраққа екпін қойыңыз.
Made on
Tilda