Қорлау немесе қызу пікірталас арасындағы айырмашылық? Журналист біреудің мәтінін немесе фотосын алып, дереккөзін көрсетпесе не істеу керек? Фейк ақпарат жариялайтындарға қатысты не істеуге болады? Бизнесмен туралы кәсіпорынды рейдерлік жолмен басып алды деп жазса, ол — тәуелсіз зерттеу бола ма әлде ақпараттық шабуыл ма? Қырғызстанның медиа нарығындағы осы және өзге де өзекті мәселелерді арнайы қоғамдық орган — БАҚ-қа шағымдар жөніндегі комиссия қарастырады.
Құрылу тарихы
Қырғызстанда БАҚ-қа шағымдар жөніндегі комиссия 2007 жылы журналистердің республикалық съезінде құрылған. Жобаның бастапқы кезінде комиссияда 9 адам болса, қазір 13. Олар — журналистер, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері. Сол съезде 23 баптан тұратын Қырғызстан журналистерінің Әдеп кодексі қабылданды. Комиссия шешім шығарарда Кодексті басшылыққа алады.
Комиссия мүшелері БАҚ-қа шағымдарға қатысты мәселелерді сотқа жеткізбей реттейді. Комиссия шешімдерінің заңды күші жоқ — бұл екі тараптың пікір алмасып, сарапшылардан кеңес алатын медиация алаңы. Міндеттері — адал журналистика мәдениетін, адал БАҚ беделін қалыптастыру, сөз бостандығы принциптеріне сәйкес жұмыс істеу.
"Мемлекет бірнеше рет БАҚ реттеуге әрекет жасады, бірақ журналистік қоғамдастық кәсіби қызметті өздері реттеуі қажет деп шешті. 2007 жылы біз Қырғызстанның этикалық кодексін әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарын құрдық. Әрбір редакциямен жұмыс істедік, олар кодекстің жобасын жолдап, оқып шығуды және өздерінің тармақтарын қосуды ұсынды. Сонымен қатар БАҚ өзін-өзі реттеуі жөнінде халықаралық тәжірибені зерттедік, халықаралық сарапшылардың қатысуымен конференция өткіздік, олар өз тәжірибесімен бөлісті ", - деді комиссия хатшысы Нұргүл Әбдікерімова комиссияның құрылуы туралы баяндамасында.
Қырғызстандағы БАҚ-қа шағымдар жөніндегі комиссияның құрамында тәуелсіз басылымдарда еңбек етіп жүрген журналистер (Kloop.kg, Интерфакс, Азаттық радиосы және басқалары), медиатренерлер, қоғам қайраткерлері мен ақпараттық дауларды шешуде тәжірибесі бар заңгерлер бар. Заң ғылымдарының кандидаты, Конституциялық Палатаның экс-судьясы Клара Сооронкулованың сараптамасы мен тәжірибесі комиссия шешімдерінің судьялар арасында беделді болуына ықпал етті. Бұл ретте комиссияны құру туралы бастама үкіметтік емес, азаматтық бастама болғандығы маңызды.
"Өтініш беруші комиссия шешіміне наразы болып, сотқа жүгінетін жағдай болады. Осындай істі қарайтын судьяның да біздің шешімімізбен танысуға мүмкіндігі бар. Бұл судья үшін өзіндік бір көмек болады. Бірақ, тұтастай алғанда, қазір, уақыт өткеннен кейін комиссия біздің медиаторлар екенімізді, істі сотқа жеткізбейтінімізді, шағымдарды қысқа мерзімде қарайтынымызды дәлелдеді. Біз әркімге ашықпыз, барлық адам біздің шешімдерімізбен таныса алады", - деді Нұргүл Әбдікерімова.
Комиссия шешімдері Медиа даму орталығының сайтындағы "БАҚ өзін-өзі реттеуі" бөлімінде жарияланады. Сондай-ақ, кейстер журналистика факультеттерінің студенттеріне "Журналистің кәсіби этикасы" курсы аясында оқуға жіберіледі.
БАЙЛАНЫС ҮШІН:
Жоба жетекшісі Ольга Настюкова +7-707-7000-439
Атқарушы директор Бақтыгүл Бурбаева: +7 777 213 13 67
Email: media.principles.kz@gmail.com