ҚазМедиаЖелі: ұйымның жаңалықтары

Инга Сикорская: Бейбітшілік журналистикасының қақтығыстарды жариялау құралдары

Бейбітшілік = күш қолданбау + шығармашылық. Мұндай әлемде дискуссия мен келіссөздер - проблеманы шешу жолында ымыраға келуге көмектеседі, ал медиа - пікір алмасу мен шешімдерді іздеу алаңына айналады. Бейбітшілік журналистикасы тұрғысынан қақтығыстарды қалай көрсетуге болады? Орталық Азиядағы бітімгерлік және медиа технологиялар мектебінің бағдарлама директоры Инга Сикорская (Қырғызстан) осы сұраққа жауап берді.

Инга Сикорская – медиатренер және зерттеуші, бұрынғы журналист. Қазіргі сәтте өшпенділік тілі, троллинг, экстремизм мен цифрлы кеңістіктегі ақпараттық соғыстарды зерттеумен айналысады. Инга Сикорская Kaz Media Network қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған журналистерге арналған вебинарда бейбітшілік журналистикасы мен соғыс журналистикасы туралы білімін бөлісті. Ол құралдардың көпшілігін Орталық Азия аймағындағы оқу бағдарламасына арнайы бейімдеген.

Бейбітшілік журналистикасы –  қоғамның қақтығыстарға зорлық-зомбылықсыз жауаптар ойластыру және қарастыру мүмкіндігін жасау үшін редакторлар мен тілшілердің нені хабарлайтыны және қалай хабарлайтыны жайлы таңдау жасауы. 

«Peace Journalism: Conflict & Peacebuilding», Jake Lynch, Annabel McGoldrick


Әлемдегі және аймақтағы жағдай үнемі өзгеріп жатыр, бүгінде журналистика мен медиа қауымдастық гибридті соғыстардың қысымында. Инга Сикорская ең әуелі «бейбітшілік» дегеніміз не екенін түсініп алуымыз жөн деп санайды. Бейбітшілік журналистикасы жайлы кез келген талқы бейбітшілік концепциясына үңілуден басталады. Бүгінге дейін бейбітшілік - «жанжалсыз қоғам», «зорлық-зомбылықсыз қоғам» сияқты дәстүрлі анықтамалармен түсіндіріліп келді. Бейбітшілік пен қақтығысты зерттеу пәнінің бас негізін қалаушы, атақты норвегиялық әлеуметтанушы Йохан Галтунг (Johan Galtung) бұл ұғымдарды 1970 жылдары сипаттаған. 

Атап айтқанда, саясаттанудағы кең тараған көзқарастар бойынша, бейбітшілік: 
- соғыстың болмауымен сипатталатын жағдай ретінде («негатив бейбітшілік»);
- тараптардың өзара белсенді конструктив әрекеттестігі түрінде, ұзақ мерзімді перспективада соғыс себептерін болдырмауға негіз құру ретінде сипатталады («позитив бейбітшілік») (Galtung, 1969).

Бейбітшілік журналистикасы екінші концепцияға - оң дамуды ынталандыратын құрылымдық өзгеріс жүріп жатқан әлемге негізделеді. Мұндай әлемде БАҚ үйлесімді жағдайға ұмтылып жатқан адамдар мен бастамаларға назар аударады. Медиа әділдік, теңдік, бейбіт құрылысқа қатысты мәселелер бойынша конструктив қоғамдық диалог жүретін алаң рөлін атқарады.

БЕЙБІТШІЛІК РЕПОРТАЖЫНА НЕ ТӘН ЕМЕС: 

- лидерлер мен жергілікті элита өкілдерінің пікіріне ғана назар аударып, қарапайым тұрғындарға сөз бермеу; 
- бейбітшілік бастамаларына үнсіз қалу; 
- зорлық-зомбылықтың анық нәтижелерін күту (өлгендерді, жараланғандарды, материалдық шығынды алдын ала есептеу - «бұл үлкен шығындарға әкелуі мүмкін» және т.б.);
- «Қарсы тараптың» ұстанымын проблема көріп, екінші тарап көзқарасын «Біз – Олар» қарама-қайшы позициясына қоя отырып қарастыру.

Бейбіт журналистика концепциясы 1990 жылдардың соңында дүниеге келді. Қозғалыстың жетекшілері - британ журналистері Джейк Линч пен Аннабелл МакГолдрик. Олар «бейбітшілікке жақтас» журналистика - оқиғаны хабарлаудың жаңа нормасына айналуы тиіс деп санайды. Олар «Бейбітшілік журналистикасы: қақтығыстар және бейбітшілік орнату» кітабында өз тәжірибесі мен проблемаларға көзқарасын ұсынған.

Инга Сикорскаяның айтуынша, бүгінде бейбітшілік журналистикасы келесі бір тенденциямен  - шешімдер журналистикасымен байланысты, медиа түрлі тақырыпты баяндағанда, проблеманың өзінен гөрі, оның шешім жолдарын баса көрсетеді. Тағы бір тенденция – журналистер өз мақаласында күштер тепе-теңдігін, бейбіт бастамалар концепциясын сақтау үшін зерттеу нәтижелеріне сүйенеді.

- Қақтығыс туралы материалды бейбіт жолмен шешуге бағыттап жазам десеңіз, пікір жинап, контексті анықтау жеткіліксіз. Терең зерттеу жүргізу қажет. Мұндай зерттеулер ағылшынтілді ортада мол. Өкінішке қарай, Орталық Азияда бейбітшілік пен қақтығыстар туралы, жергілікті тілдердегі, біздің аймаққа назар аудара отырып жүргізілген терең зерттеулер өте сирек, - дейді Инга Сикорская.

БЕЙБІТШІЛІК ЖУРНАЛИСТИКАСЫНДАҒЫ ҮШ «БОЛМАЙДЫ» ЕРЕЖЕСІ:

– Конфликтіні жұмсартып көрсетуге БОЛМАЙДЫ; 
– Қақтығысқа кінәліні іздеуге БОЛМАЙДЫ; 
– Пікірлер мен талаптарды дәлелденген факті ретінде таратуға БОЛМАЙДЫ. 

Бейбітшілік журналистикасы зорлық-зомбылықтың құрылымдық және мәдени себептері мен  олардың кәдімгі адамдарға (мемлекет ұсынатын абстрактілі талдауларға емес) әсеріне назар аударып, жанжалдарды оның нақты күрделілігі тұрғысынан анықтайды. Аудитория қақтығыстың қалай туғанын түсінуі керек. Салыстыру үшін айтайық, әскери журналистикада бәрі тым қарапайым - мұнда анық дұшпан бар, «жақсыларға қарсы жамандар» немесе «ОЛАРҒА қарсы БІЗ» бар.

- Әскери журналистика “кім қақтығысты бірінші бастады?” деген сұраққа жауап бере отырып, кінәлілерді іздейді. Біз әскери журналистикада үнемі іс-әрекеттердің құпиялығын көреміз. Ал бейбітшілік журналистикасы әрдайым транспарентті және диалог үшін ашық кеңістік қалыптастырады. Бұл жерде әңгіме мемлекеттік немесе әскери құпияларды жариялау жайлы емес. Ашықтық дегенде конфликтінің құрылымындағы ашықтық айтылып тұр, - деп түсіндірді Инга Сикорская. 

БЕЙБІТШІЛІК ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ТӨРТ ТӘСІЛІ: 

1. Диалог алаңын құру. Қақтығысқа түрлі көзқарасты ұсыну үшін, бейбітшілік бастамаларын құру мақсатымен қоғам пікірін қалыптастыра отырып, зерттеу, талқылау және диалог жүргізу әдетін қалыптастырыңыз.
Қақтығыстың себептерін зерттеңіз: негізгі тараптар кімдер, қақтығыстың мақсаттары қандай, тараптарды қақтығысқа әкелуі мүмкін қандай проблемалары бар. Сұрастырыңыз - жанжал адамдардың күнделікті өміріне қалай әсер етеді? Олар қандай өзгерісті қалайды? Олардың көшбасшылары айтқан ұстаным жалғыз немесе ең жақсы ұстаным ба?

2. Фактілерге назар аударыңыз. Кімдер қақтығысқа қызығушылық танытады? Болып жатқан оқиғадан адамар қандай сабақ ала алады? Қақтығыс шарттары қалай қалыптасқанын түсіндіріңіз.

3. Қарапайым адамдардың пікірі маңызды. Тек пікір көшбасшыларына емес, айналадағы қарапайым халыққа - әйелдерге, қарттарға, балаларға назар аударыңыз. Маргинал (әлеуметтік жағынан осал) топтарға өз үнін жеткізуге мүмкіндік беріңіз. Олардың хикаяларына үңіліңіз.

4. Кінәлілерді емес, проблеманың шешімін іздеңіз. Мысалы, көтеріліске су тапшылығы немесе жер мәселелері себеп болса, бейбітшілік журналистикасы кінәлілерді іздеп, репортаждарында зорлық-зомбылықты көрсетудің орнына, проблеманың түрлі шешімін зерттейді. 

Бейбітшілік журналистикасына қызыққан жандарға Инга Сикорскаяның аналитикалық, ғылыми-көпшілік мақалаларын, оқулықтары мен курстарын ұсынамыз:

«Руководство по освещению вопросов вопросы религии для журналистов ЦА»;

«Messages, images and media channels promoting youth radicalization in Kyrgyzstan»

«Как женщине-журналисту делать визуальные репортажи из Афганистана»;

«Информационная грамотность и новая медиа-культура, как раннее предупреждение дерадикализации молодежи»;

«Современные медиа-войны и проблемы информационной безопасности».

***
Бұл вебинар Америка халқының көмегі арқасында Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. «Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID, Америка Құрама Штаттары үкіметі немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін.
Made on
Tilda