Заявления кз

Қоғамдық комитеттің №4 мәлімдемесі

Алматы қаласы                                                                             16 қыркүйек 2022 жыл

                                                                      №4

Комитет төрағасы Жұлдыз Әбділда, Комитет мүшелері Олжас Әбдіхалық, Оразай Қыдырбаев қатысқан (Мейрамхан Жәпек, Диана Окремова, Ербол Азанбек, Ольга Чебакова, Руслан Никонович отырыстың бейнежазбасын қарап, кейінірек жазбаша пікір білдірді) Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитетінің онлайн отырысында Қазақстан медиасындағы ақпаратты бұрмалау, тексерілмеген хабар тарату, адамның жеке өміріне қатысты ақпаратты тұлғаның келісімінсіз жариялау, т.б. этикаға қайшы кейстер талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан медиасында кейінгі айларда байқалған:

●     Адамның ар-намысына тиетін жазбалар жариялау;
●     Тексерілмеген ақпарат тарату, манипуляция жасай отырып көпшілікті адастыру;
●     Дәлелсіз ақпарат арқылы адамның немесе ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіру;
●     Ұлт, тіл, дін, нәсіліне байланысты кемсіту;
●     Қисынсыз ақпарат тарату;
●     Кінәсіздік презумпциясын бұзу, мән-жайды білместен айыптау;
●     Псевдоғылымды насихаттау;
●     Виктимблейминг;
●     Түрлі стереотиптер негізінде кемсітуге қатысты Қазақстан медиасындағы кейстер талданды.

Комитет:

1. Журналист Ришат Асқарбекұлының ХҚТУ және оның ректоры Жанар Темірбекова жөнінде Facebook желісіне жариялаған жазбасы медиа этикасының бірнеше қағидасын бұзатынын айтады:

-      Жазба авторы қарсы тараптың уәжін келтіріп, пікірін сұрамастан, біржақты хабарлаған. Осылайша бейтараптық қағидасын бұзып отыр.
-      Сондай-ақ, тексерілмеген хабарды бөлісіп, аудиторияға ұйым мен жеке тұлға жайлы қисынсыз ақпарат таратқан. Бұл арқылы ұйым мен жеке тұлғаның беделіне нұқсан келтірген.
-      Деректерді тексерместен біржақты талдап, цифрларды бұрмалай қолданып және тұлғаның жауапкершілігіне жатпайтын мәселелерді көрсету арқылы манипуляция жасаған.

Мұндай тексерілмеген, қарсы тараптың уәжі берілмеген, манипуляциялы жазбалар ұйымдар мен тұлғалардың ар-ожданына, беделіне нұқсан келтіреді. Комитет мұндай хабарламалардың Қазақстан ақпараттық кеңістігінде таралуына алаңдай отырып, мынадай шешімдер ұсынады:

-      Блогерлер, журналистер немесе әлеуметтік желідегі кез келген қолданушы әлдебір хабарды бөліспес бұрын, оның рас-өтірігіне көз жеткізуге тиіс. Әлеуметтік желіде барлық адам ақпарат таратушыға айналатындықтан, ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеру, барлық тараптың пікірін сұрай отырып баланс сақтау, т.б. журналистикаға тән қағидаттарды әлеуметтік желідегі барлық адам ұстануы қажет.
-      Комитет оқырманды сыни ойлауға шақырады. Дереккөзі көрсетілмеген, тек бір тараптың ұстанымы берілген, тым эмоционал жазбаларға күмәнмен қарауға тиіс.
-      Жаңсақ хабар таратқан авторлар оқырманға қателескенін айтып, дұрыс әрі толымды ақпарат ұсынуы керек. Сынға алынған қарсы тараптың уәжіне орын беруге тиіс. Тұлғаның абырой-беделіне нұқсан келтіру құқық бұзушылық болып, заңмен қудаланудан бұрын, ең алдымен этикаға қайшы. 

2. Сонымен қатар, комитет отырысында Ulysmedia.kz, exk.kz, т.б. жаңалықтар сайтының оқырман назарын аудару, көбірек қаралым жинау мақсатында манипуляциялы тақырыптар қоятыны, ақпаратты бұрмалайтыны, әлеуметтік желідегі қауесетті тексерместен жариялайтыны талқыланды. Комитет журналистерді Медианың негізі принциптеріне адал болуға шақырады.

3. Смартфондар, интернет байланысы және әлеуметтік желілердің баршаға қолжетімді болуы журналистермен қатар, кез келген желі қолданушысының ақпарат өндірушіге айналуына мүмкіндік берді. Бұл бір жағынан сөз бостандығы, жылдам хабар тарату тұрғысынан тиімді болғанымен, екінші жағынан өшпенділік тілі, жеке ақпарат пен жалған хабарлардың кең таралуына апарып отыр. Әсіресе көршілес мемлекеттердегі дағдарыстар кезінде әлеуметтік медиада қауесет хабарлардың кең таралғанын көріп отырмыз. Комитет Қазақстан қоғамын әлеуметтік желіні жауапкершілікпен қолдануға шақырады. Атап айтқанда:


-      расталмаған қауесет хабарды таратпау;
-      адамның ар-намысына тиетін пікірлер жазбау;
-      жеке тұлғаның келісімінсіз фото-бейнесін жарияламауға шақырады.

4. Биліктегі Amanat партиясы қаржыландыратын «Айқын» газетінің сайты оқырман тарту үшін кликбейт тақырыптар қоятыны байқалады[1]. Газет басшылығы мен журналистерін бұл мәселеге байсалды қарауға шақырады.

Бұл шешім консенсус арқылы қабылданды.

Төраға,
Жұлдыз Әбділда

[1] Мысалы, 28 шілдеде «Профессор екпе алған балалардың қандай дертке шалдығатынын айтты» деген атаумен жарияланған материал
Made on
Tilda