Экшн фильмдерде бас кейіпкер атыс кезінде автомобильді қалқалап, аман қалғаны жиі көрсетіліп жатады. Шындығында, бұл нағыз қақтығыс кезінде адам өмірін қиюы мүмкін “кинолық” мифтердің бірі. Кристофер Бут (Cristopher Booth, Ұлыбритания) осылай дейді.
Крис Бут мультимедиа өндірісі саласында отыз жылға жуық уақыт еңбек еткен. Оның он жылын бұрынғы КСРО аумағында APTN, Sky, NBC, BBC сияқты басылымдарда жұмыс істеумен өткізді. Крис BBC-дің Мәскеу бюросына жетекшілік етті, кейін осы қызметін Бағдадта жалғастырды. Сондай-ақ ол BBC-дің Әлем жаңалықтары бөлімінде жоғары лауазымды қызметтер атқарғаг.
Ол 1993 жылғы Мәскеудегі конституциялық дағдарысты, Шешенстандағы, Косоводағы, Ауғанстандағы, Ирактағы соғыстарды, Украина мен Грузиядағы төңкерістерді, Бесландағы апатты хабарлады. Сонымен қатар, Крис Бут ЕҚҚДБ-ның (Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі) коммуникация бойынша директор көмекшісі болған, ұйымның видео және фото түсіріліміне жауап берді. Кейін медиа-оқыту мен контент өндіруге маманданған өз компаниясын құрды. Ол Kaz Media Network қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған вебинарда журналистердің қауіпсіз болу мүмкіндігін арттырып, жақсы материал жасауына көмектесетін пайдалы кеңестерін бөлісті.
Қаладағы қақтығыс жағдайлары үнемі әралуан, ешқашан екі бірдей қақтығыс болмайды, яғни оларды хабарлау кезінде кездесуі мүмкін қатерді түбегейлі жоюдың да еш жолы жоқ. Бүгінде демонстранттар да, құқық қорғау органы қызметкерлері де журналистерді бейтарап бақылаушы ретінде қарастыра бермейді. Қақтығыс кезінде бәрінің ортақ нысанасына айналатыныңызды біліңіз.
Крис Буттан кеңестер:
Ең нашар жағдайға дайындалыңыз – тікелей эфирдегі атыс, тұтқындау, іс-әрекетін болжау мүмкін емес тобыр, арандатушылар, экстремал ауа райы, ұялы байланыстың жоғалуы, бірнеше сағат емес, күндер бойына жалғасатын демонстрациялар. Үйден немесе жаңалықтар бөлімінен шықпай тұрып, бұлардың бәріне жүйелі түрде дайындалыңыз. Жағдай кенет ушығып кетсе, күтпеген нәрсенің бәріне әзірлену үшін уақыт бөлгеніңізге еш өкінбейсіз.
Смартфонға тәуелділік бізді осал етеді. Смартфонның қуаты сарқылуы мүмкін немесе сынып қалуы мүмкін. Билік байланыс желісін өшіріп тастауы мүмкін. Бұған дайын болыңыз:
- жұмыс істеуді жоспарлап отырған аймақ картасын қағазға бастырып алыңыз: мобильді қосымшаларға сеніп қалмаңыз;
- бір-біріңізбен байланыс үзілген жағдайда, топ мүшелері кездесетін орынды топ мүшелерімен алдын ала анықтап қойыңыз;
- жергілікті таксофон мен интернет-кафелерді тауып қойыңыз - ескі технологиялар сізді құтқаруы мүмкін.
Әлеуметтік желі гигиенасы туралы ойланыңыз. Телефоныңызды билік өкілдері тартып алса, олар сіз жайлы не үйрене алады? Сіз оларға бейтарап журналист ретінде көрінесіз бе, әлде белсенді ретінде ме? Мұндай жағдайлар үшін екінші, таза смартфон сатып алып қойыңыз. Әлеуметтік желіде не жазып жатқаныңызға зер салыңыз - сіз бейтарап журналиссіз бе, әлде оппозициялық белсендісіз бе?
Қаланың көрікті жерлеріне алдын ала барыңыз - мүмкін болса, қала пейзажымен танысыңыз. Адасып қалсаңыз, әріптестеріңізді қай жерде кездестіресіз? Түнде жол таба аласыз ба? Жүргізуші үшін қауіпсіз тұрақ қайда?
Киім мен аяқ киім жағдайға сәйкес болуы керек. Биік өкшелі туфлимен немесе синтетика киіммен наразылық акциясына барудың қажеті жоқ. Сынған әйнек, қоқысқа және майға төтеп беретін табаны берік етік сатып алыңыз.
Ешқашан камуфляж немесе әскери формаға ұқсас киім кимеңіз. Ойлап көріңіз, өзіңізді журналист деп көрсету тиімді ме, әлде одан да ауыр тәуекелге барғыңыз келе ме? Десек те тікелей оқ атылуы мүмкін болса, оқ өткізбейтін, дұрыс жабдықталған жилет пен дулыға кию өте маңызды.
«Дабыл чемоданын» немесе ішінде барлық қажетті жабдық бар рюкзак дайындаңыз (оны үйде де, кеңседе де қалдыруға болады). Мұндай сөмкенің ішінде мыналар болуы қажет: алғашқы медициналық көмек қобдишасы мен таңғыштар, қосымша телефоныңыз, батареялар, су және жеңіл тағамдар, жеке басты куәландыратын құжат көшірмелері, көз жасаурататын газ шашуы мүмкін болса - маска, сондай-ақ дәрі-дәрмек, гигиеналық заттар мен ауыстыратын іш киім (қамауға алынған жағдайлар үшін).
ОҚИҒАЛАРДЫҢ ТӨРІНДЕ БОЛҒЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ? КЕРІСІНШЕ, БАЯУ БОЛЫҢЫЗ
Баяулаңыз - бұл ішіңізде адреналин тасып жатқан сәтте өте маңызды. Қайда екеніңізді және айналаңызда не болып жатқанын саналы түрде бағалауыңыз керек. Көпшілікке немесе журналист әріптестеріңізе көзсіз ермеңіз.
Редакторларыңыздың асығыс шешім қабылдау жайлы сендіру сөзіне ермеңіз: басты жауапкершілігіңіз - өзіңіздің және командаңыздың қауіпсіздігі. Көз алдыңызда не болып жатқанын редакциядағы жаңалықтар бөлімі қызметкерлеріне қарағанда сіз жақсырақ білесіз.
Оқиғалардың қақ ортасында болу сізге шынымен керек пе? Бүйірден немесе жоғарырақ тұстан оқиғаны бақылау нүктесін тауып алу әлдеқайда қауіпсіз. Көп адамның арасында болсаңыз, сізге демонстрант ретінде немесе кері тараптың өкілі ретінде қарауы мүмкін. Егер екі тараптың ортасында тұрсаңыз, онда олардың тастары, резеңке оқтар және басқа да нәрселер сізге қарай ұшады.
Командаңызды ойлаңыз. Оператормен бірге репортаж дайындағанда, оның көру өрісі шектеулі екенін есте сақтаңыз. Сіз оның көзі мен құлағы болуыңыз керек, түсіру барысында оның сүрініп қалмайтынына көз жеткізіңіз.
Жүргізуші көлікте қалуы керек. Бұл шұғыл кету керек болған жағдайлар үшін қажет. Сондай-ақ көлікке айыптайтын заттар салынбас үшін оны қараусыз қалдырмау керек.
Жалдамалы содырлар - «титушкалар» қазіргі уақытта кейбір қалалық қақтығыстардың ажырамас бөлігі болып саналады, олар қарулы да болуы мүмкін. Әдеттегі демонстранттарға ұқсамайтын ер адамдар тобын көрсеңіз, ең нашар жағдайға болжам жасаңыз. Олармен дауласпаңыз, олардан алыстап, тез арада кетіп қалыңыз.
ОҚИҒА ОРНЫНДАҒЫ ІС-ӘРЕКЕТТЕР
Ешқашан демонстранттармен және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен фотоға түспеңіз. Ешқашан қолыңызға қару алмаңыз немесе қарумен суретке түспеңіз.
Тікелей трансляцияны тек қауіпсіз жерде, тобыр мен снарядтардан алыс маңда жүргізіңіз.
Күмәндансаңыз, камераға түсірмес бұрын рұқсат сұраңыз. Сізге түсірмеуді айтса, мұны «жоқ» деген жауап ретінде біліңіз.
Көз жасаурататын газ - желдің бағытына назар аударыңыз. Газ бұлтына тап болсаңыз, тез қашып бара жатқанда мүмкіндігінше аз дем алуға тырысыңыз. Қауіпсіз болғанда, көзіңізді сумен шаю - бөтелке алып жүрудің тағы бір себебі. Ешқашан көзден жас ағызатын газ патрондарын ұстамаңыз - снарядтар ыстық.
Резеңке және жауынгерлік оқтар - резеңке оқтар жағдайында еңкейіп, арқаңызды оқ атылған жаққа қарай бұрыңыз. Ал патрондар жауынгерлік болса, олар цилиндр блоктарынан басқа машинаның кез келген бөлігін тесіп өтеді. Сондықтан дүңгіршектер немесе басқа да жеңіл көше құрылымдары сізді қорғамайтыны сияқты, көлік есігі де сізді қорғамайды. Қақтығыс аймағынан шыға алмасаңыз, қатты кірпіштің немесе бетон қабырғаның артына жасырыныңыз.
Сізді ұрса, қолыңызбен және білегіңізбен бас сүйегіңізді қорғаңыз. Аяқ-қолдың сынуы бас жарақатынан жақсырақ. Қарсылық жасамаңыз.
Тұтқындау – тұтқынға алған жағдайда қарсылық білдірмеңіз, бірақ командирге жолыққан бойда журналист екеніңізді айтыңыз. Егер сізді тәртіпсіз күштер ұстаған болса, пікірлеріңізді ашық айтудан барынша сақтаныңыз. Өз «құқықтарыңыз» туралы дауласпаңыз және, сөзсіз, саясатты талқыламаңыз. Бұл екеуі одан әрі зорлық-зомбылыққа әкелуі мүмкін.
«БАЗАҒА» ОРАЛУ
Оқиғаны бүкіл командамен қорытындылаңыз. Тіпті үйге қайтуға немесе мейрамханаға баруға асықсаңыз да. Өткен күннен алған сабақты талқылауды әдетке айналдырыңыз. Оқиғалар жалғасады деп күтілсе, ертең сіз басқаша не істей аласыз?
Жабдықтарды тазалап және қуаттап қойыңыз. Қауіпті жағдайларда техниканың еш қиындықсыз жұмыс істегені маңызды.
Дұрыс тамақтаныңыз. Бұл кеңес оғаш көрінуі мүмкін, бірақ қатты күйзеліске ұшыраған кезде тәбетіңіз артады. Өзіңізді құнарлы тамақ жеуге және дұрыс тамақтануға мәжбүрлеңіз. Алкоголь тұтынбаңыз - тәртіпсіздік кезінде бұл өлімге әкелуі мүмкін және сіздің мастықпен айтқан пікіріңіз өз қауіпсіздігіңізге ғана емес, бүкіл команданың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Автор: Крис Бут