ҚазМедиаЖелі: ұйымның жаңалықтары

Дайнюс Радзявичус: "Көптеген елде сапалы журналистиканы қорғау және дамыту ұғымы жоқ"

Литва Журналистер Одағының басшысы медианың өзін-өзі реттеу тәжірибесі туралы айтып берді. Қазақстандық журналистермен кездесуді "Қазақстандық Медиа желі/KazMediaNetwork" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Дайнюс Радзявичустың айтуынша, Литва "велосипед ойлап таппады" және көптеген елдердің – Швеция, Финляндия, Норвегияның тәжірибесін біріктірді. Саланы реттеудің іргетасы тоқсаныншы жылдардың ортасында, мемлекеттік радио мен телевидениенің орнын қоғамдық радио және ТВ алмастырған кезде қаланды. Алғашқы жеке меншік телеарналар іске қосылып, "БАҚ туралы" тұңғыш заң қабылданды. Бірақ медиа саланың өзін-өзі реттеуі Литвада тиісінше жүзеге аспады.  Дайнюстың мәлімдеуінше, саясаткерлер мен журналистер бір-біріне сенбеді. Сондықтан саланың өзін-өзі реттеуімен қатар заңнамалық реттеу де қолданылады.

"Заңнамалық реттеу заң алдында жауапкершілік жүктейтінін және журналист одан зардап шегуі мүмкін екенін түсіну керек. Әлемнің бірде-бір заңында "жақсы журналистиканы қалай іске асыруға және түрмеге түспеуге болады"деп жазылмаған. Мұндай ұсыныстар жоқ! Бірақ біз медиа кеңістікте журналистер қиын тақырыптар туралы жазатын белгілі бір стандарттар жасай аламыз. Көпшілік материалдың шынайы жасалғанын, тапсырыс берілмегенін, оның артында саясаткер немесе олигарх жоқ екенін көруі үшін. Сапалы журналистиканы қорғау және дамыту — көптеген елге осы жетіспейді", – деді Дайнюс Радзявичус.

Литвадағы БАҚ реттеу ісін қоғамды ақпараттандыру этикасы жөніндегі комиссия (2005 жылға дейін журналистер мен баспагерлердің этикасы жөніндегі комиссия) жүзеге асырады. Сондай-ақ, медианы реттеу принциптері қоғамдық ақпарат туралы Заңмен белгіленеді. Парламент тағайындайтын омбудсмен лауазымы да осы заңмен бекітіледі. Оның құзыретіне заң талаптарының орындалуын бақылау, сондай-ақ БАҚ тұрақты мониторинг жүргізу міндеті кіреді. Комиссия да, омбудсмен де БАҚ өз бастамаларымен тексере алмайды. Олар тек нақты шағымдар түскен жағдайлармен айналысады.

"Тепе-теңдікті табу керек. Біз этика жөніндегі комиссияның құрамы туралы көп пікір таластырамыз. Үлкен медиалық, сараптамалық тәжірибесі бар тәуелсіз, беделді практиктерді табуымыз керек.  Оларды қайдан аламыз? Әдетте жақсы сарапшылар ең үлкен БАҚ жұмыс істейді. Жұмыссыз жүрген жақсы практиктер жоқ. 2015 жылы біз әдеп жөніндегі комиссия құрамындағы азаматтық қоғам өкілдерінен бас тарттық. Бұл журналистер ҮЕҰ мүдделерін қолдамағандықтан болды", - деді Дайнюс Радзявичус.

Литва заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандарды теріс ақпараттық әсерден қорғауға міндетті арнайы орган қарастырылған. Бұл органның міндеттеріне бұқаралық ақпарат құралдары ұсынатын материалдардың мазмұны өскелең ұрпаққа қаншалықты зиян тигізетінін талдау жасау кіреді. Дәл осы орган сараптамалық қорытындылар жасайды және балаға теріс әсер етуі мүмкін ақпарат критерийлерін анықтайды.

"Мемлекет қылмыстық, эротикалық контент шығарушыларды қолдамайды және олардың қосымша құн салығына жеңілдіктері жоқ. Заңнамалық шектеулер бар, сондықтан біз өзін-өзі реттеу ретінде мұндай тақырыптармен жұмыс істемейміз. Бірақ біз өздерін әлеуметтік-саяси деп көрсетіп, бірақ нағыз экшнды жариялайтын айлакер медиалармен жұмыс істейміз. Қан төгіліп жатады, олар болса жеңілдіктерден қағылып қалмау үшін "біз жақсылық пен жамандықтың күресі туралы жазамыз" дейді. Қандай медианың өздігінен іс-әрекеттерінің этикаға сай емес екенін мойындайды?"- деп түсіндірді спикер.

Заң баптарының сақталуын журналистік әдеп жөніндегі Инспектор бақылайды. Бұл қоғамдық ақпарат туралы заң бойынша тағайындалатын мемлекеттік лауазымды тұлға. Журналистік этика инспекторы заң бұзушыларға санкциялар салады. Олардың негізгілеріне: ескерту, әкімшілік жауапкершілікке тарту, өзге құзыретті органдарға жүгіну, тіпті қылмыстық іс қозғау жатады. Бірақ инспектормен бірге тәуелсіз сарапшылар тобы жұмыс істейді.
Made on
Tilda