ҚазМедиаЖелі: ұйымның жаңалықтары

Нина Йельмгрен, Швецияның журналистерді қолдау қоры: Бұл кеңесім сізді таңғалдыруы мүмкін, бірақ өзіңізді нашар сезінсеңіз – жылап алыңыз.

Ешқашан басыңызды тәуекелге тікпеңіз, – дейді Швецияның журналистерді қолдау қорының қызметкері Нина Йельмгрен. Ол –журналист, жазушы, оқытушы. Ауған еліндегі оқиғалар туралы 25 жылдан кейін жазылған қоғамдық-саяси кітаптардың авторы. Нина Йельмгрен Ауғанстанда талай рет болған, тәуекелге барудың не екенін және үнемі күйзеліс жағдайында жұмыс істеудің соңы қандай болатынын жақсы біледі.

Нина Йельмгрен (Nina Hjelmgren) Лос-Анжелесте 1992 жылы болған тәртіпсіздіктер кезінде хабар тартты. Ондағы толқу кезінде 63 адам көз жұмған еді. 2001 жылы Швецияның екінші үлкен қаласы Гетеборгта болған тәртіпсіздіктер кезінде де жұмыс істеді. Қала ЕО саммитін өткізгенде наразылық акциялары өтіп, нағыз ұрыс алаңына айналған болатын. Нина Йельмгрен бірнеше жыл Ауғанстанда арнайы тілші болып жұмыс істеді. Өз тәжірибесі негізінде ол қақтығыстар кезінде жұмыс істейтін журналистер үшін арнайы қауіпсіздік курсын құрастырды.

«KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қазақстандық журналистердің Нина Йельмгренмен онлайн кездесуі өтті. Вебинарда журналистердің жеке бас қауіпсіздігі, цифрлық, психологиялық қауіпсіздігі туралы айтылды. Біз сарапшының пайдалы ұсыныстарын жинақтап ұсынып отырмыз:

СТРЕСС ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕУ КЕРЕК:

1. Бәріне күмәнмен қараңыз. Әркімнің көздейтін мүддесі бар. Көп адам журналистерді өз мақсатына пайдаланбақ болады.
«Ауғанстанда көп уақытым өтті. Қақтығыстар болып жатқан жерлердің бірінен кейін біріне баратынмын. Азаматтық сектормен, зымырандар шабуылы мен бомбалау кезінде зардап шеккен жұртпен де жұмыс істедім. Мен Талибанның адамдарға қандай зорлық-зомбылық көрсетіп, көзін жоятынын көзіммен көрдім. Сондықтан да журналист ретінде ешкімге сенбеуді үйрендім. Қайталап айтамын – әр дереккөзді мұқият тексеріңіз. Ақпаратты әртүрлі дереккөзден жинауды үйреніңіз», – дейді Нина Йельмгрен.

2. Менің кеңесім сізді таңғалдыруы мүмкін, бірақ егер өзіңізді нашар сезінсеңіз – жылап алыңыз
Журналист те адам. Жұмыс барысында біз кейде көз көріп, құлақ естуге шыдамайтын жайларға да куә боламыз. Сондайда іштегі шерді шығарып алу керек. Қайғы-қасіретті ұдайы көре беру психикаға ауыр. Жүйке мен жанға салмақ түседі. Тіпті ұйқысыздық, шектен тыс ашушаңдыққа шалдығасыз.

3. Кәсіби маманмен сөйлесіп, мазалаған ойларыңызды айтып отырыңыз. Анаңызбен, күйеуіңізбен емес, психологпен сөйлесіңіз. Ер азамат болсаңыз, сіздің жүйкеңіз темірдей деген сөз емес. Стресс жағдайында әйел болсын, ер болсын, бірдей әрекет етеді. Спиртті ішімдік ішпеңіз. Менімен жасты әріптес ер азаматтар қайғысын ащы сумен басуға тырысатын. Бұл «дәрі» қай заманда да барлық ел, барлық жерде бірдей еді. Бірақ ол емдемейді. Стресстен қирап түсудің аз алдында тұрған ағзаға алкоголь қуат бермейді.

4.Қиналып кеткеніңізді байқасаңыз дамылдаңыз. Өзіңізді супермен сезінудің қажеті жоқ.

5.Егер бұғанасы қатпаған балаларыңыз болса, соғыс өрті тұтанған, қақтығыстар басталған жерге бармаңыз. Жарақат алып, тіпті, өліп кетуіңіз де мүмкін. Мен Ауғанстанға жұмысқа аттанғанда балам жасөспірім еді. Тіпті жігіт болып қалған. Мен олай-бұлай боп кетсем өз бетімен өмір сүріп кете алатынын білдім. Ал сіздің шиеттей балаларыңызды кім жеткізеді? Басыңызды қатерге тікпес бұрын осыны бір сәт ойлап алғаныңыз жөн.

РЕДАКЦИЯДА ОТЫРЫП ЖҰМЫСТЫ ҚАЛАЙ ЖОСПАРЛАУҒА БОЛАДЫ:

Егер қандай да бір қауіпті сезсеңіз, оқиға орнында не болып жатқанын білуге бар мүмкіндігіңізді жұмсаңыз. Ақпарат алу үшін барлық дереккөзді іске қосыңыз. Жақын маңдағы адамдардың бәріне қоңырау шалыңыз. Олардың не көріп, не естіп жатқанын анықтаңыз. Швецияда тәртіпсіздіктер басталғанда полицияның қолында нақты мәліметтер болған жоқ. Журналистер таныстардың барлығына қоңырау шалып, таныстарын түгел түгендеп шықты. Сіздің ақпарат алар адамдарыңыз кім?

Ақпарат жақ-жақтан құйылып, оны тексеру де, жоққа шығару да қиын болатын сәт тууы мүмкін екенін естен шығармаңыз. Тіпті адам құқы, зардап шеккендер туралы жазатын жан болсаңыз да, қолыңызда тек бір тараптың ғана пікірі болды делік. Егер ресми жауап ала алмасаңыз, бір ғана дерекпен шектелмеңіз. Басқаларды да іздеңіз. Мұндай заң бұзушылықтың үнемі қайталануына жол бермеңіз. Сіздің басқа да кейіпкер таба алатыныңызға күмәнім жоқ.

Сізге немесе түсіру тобыңызға қорғанышы бар кеудеше керек пе, соны біліп алыңыз. Кім хабар алып тұрады? Бір жағдайға ұшырап қалсаңыз, кімге хабар беруіңіз керек? Әрине, анаңызға емес. Сізден хабар алатын адам басыңызға іс түскенде кәсіби түрде әрекет ете алатын тұлға болуы шарт. Оның нөмірін  жаттап алыңыз.

Екі телефон алып жүріңіз. «Мен тапсырма алып, жолға шыққанда смартфонмен қатар, ең арзан, шағын телефон да алып алам. Ондай қарапайым аппараттың қуаты ұзаққа жетеді. Кез келген жағдайда телефон соғуға мүмкіндігіңіз болады. Ал смартфондардың батареясы тез отырады, әсіресе аязды күндері тез сөніп қалады», – дейді Нина Йельмгрен.

АТТЫҢ ЖАЛЫ, ТҮЙЕНІҢ ҚОМЫНДАҒЫДАЙ ЖАҒДАЙДА ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ:

Артқа шегінуге мүмкіндік жоқ жаққа қарай бармаңыз. Қауіпті жағдайда қалуыңыз мүмкін.

Егер фотограф, оператор болсаңыз, екі адам болып жұмыс істеңіз. Камерамен ешқашан жалғыз жүрмеңіз. Ту сыртыңызда не болып жатқанын үнемі біліп отыруыңыз керек.

Тәртіпсіздіктер басталып кеткен жағдайда бас сауғалайтын жер іздеңіз. Атыс басталса, автокөлік немесе кереге, кедергі артына тығылыңыз. Тек бензобактың жанында отырмаңыз немесе тез тұтанатын сұйықтық құйылған ыдыстарға жоламаңыз.

Ешқашан басыңызды қатерге тікпеңіз. Бас амандығыңыздан артық ештеңе жоқ.

РЕДАКЦИЯҒА ОРАЛУ – СТРЕСТІ ҚАЛАЙ ШЫҒАРУ КЕРЕК:

Швецияға оралғанда, Мәскеудегі қонақүйдегі бөлмемде екі күн жыладым (рейс Мәскеу арқылы еді). Кабул көшелерінде көргенім өмірімдегі ең сұмдық оқиғалар еді. Онда қатты қорықтым. Қорыққанымнан еңсем түсіп, бүгежектеп, ол жұмысқа кедергі келтіре бастағанын түсіндім. Өйткені журналист айналасында не болып жатқанын анық көруі керек. Басымда «қорқынышымды бірдеңе қып жеңуім керек» деген ой болды. Алыпқашпа әңгімелер, қатыгездік те болды. Ол жағдайлар менің де басыма келеді деп қорқатынмын.

Мұндай жұмыстан кейін жағдайды талдау және кері байланыс қажет екенін қазір жақсы түсінем. Сөзіңізді мұқият тыңдай алатын дана және тәжірибелі адаммен сөйлесіңіз. Ол кім? Оның кім болатынын тек сіз шешесіз. Менің әріптестерім, өте тәжірибелі халықаралық корреспонденттер психологқа барады. Иә, жынданып кетпес үшін  ауыр күйзелістер мен қайғы-қасіреті ақтарып, жылап алу маңызды. Біз мұндай экстрим үшін жаратылмағанбыз! Мұндай жағдайларда қиналу кез келген адамға тән.

Фото: barometern.se
Made on
Tilda