ҚазМедиаЖелі: ұйымның жаңалықтары

Питер де Туа, конфликт-сезімтал журналистика сарапшысы: Соғыстың бірінші құрбаны – шындық

Питер Де Туа (Peter du Toit) – медиатренер, жанжалдарды басқару және трансформация саласы бойынша философия докторы, Оңтүстік Африка Родс университетіндегі (Rhodes University) Журналистика және Медиа зерттеулер мектебінің ғылыми қызметкері. Ол Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Орталық Азиядағы конфликтілерді хабарлауға қатысты курстар өткізген.

Қазіргі уақытта бүкіл әлем бұқаралық медианы дезинформация, манипуляция немесе жанжалды біржақты хабарлау мақсатында пайдаланады. Зорлық-зомбылықтың артуына жол бермейтіндей етіп жаңалықты қалай жасауға болады? Орталық Азия журналистері мен журналистика факультетінің студенттеріне арналған «Конфликт-сезімтал журналистика» (Conflict Sensitive Journalism) тақырыбындағы онлайн-вебинарда осы мәселе талқыланды. Вебинарды ұйымдастырған – Kaz Media Network қоғамдық бірлестігі. «Жаңа репортер» сарапшы айтқан негізгі ойларды ұсынады:

Сақтық және мұқият болу

«Соғыстың бірінші құрбаны – шындық», – дейді Питер Де Туа.

Сақ және мұқият болуыңыз керек. Біздің міндетіміз – жанжалды шешу емес. Біз тек басқа адамдардың жанжалды шешуіне көмектесе аламыз. Қақтығыс тоқтау үшін не жасалуы керек? Журналистердің осыны түсінгені маңызды. Кейде шешімдер соншалықты айқын әрі тым үстіртін болмайды. Тараптар дау-жанжалды шешу үшін не істеу керек? Шарттар әртүрлі болғанымен, көбіне конфликтінің даму принциптері бірдей. Бұл принциптер халықаралық шиеленістен бастап, жанұядағы жанжалға дейінгі бүкіл конфликтіге қатысты. Жанжал шешілуі үшін тараптар қай мәселенің маңызды екенін түсінуі қажет, қате пікір мен жаңылысуды айыптап, шыншыл болуы керек және тең дәрежеде сөйлесуі тиіс. Бір тарап екіншісіне үнемі қысым көрсетіп отырса, бұл тең деңгейдегі келіссөз емес.

Манипуляцияға қырағы болыңыз, күмәнмен қараңыз, дереккөздерді тексеріңіз. Күмәнді мәлімдемелерге ерекше назар аударып, ақпаратты қайта тексеруді ұмытпаңыз. Тәуелсіз ақпарат көздерін іздеңіз.

Жақсы журналистика бейбітшіліктің орнауына ықпал ете алады

Бұқаралық медиа пікір алмасатын дискуссия алаңын қалыптастырады. Сондай-ақ, медиа түсініспеушіліктерді ортаға шығарып, стереотиптерді бұза алады. Бір тарап екінші тарапты демонизациялап, құбыжық түрінде ұсынса, журналистер ол тараптың - жау емес, керісінше, дәл өзі сияқты адамдар екенін көрсетіп, мифті жоққа шығара алады. Біз мамандармен сұхбаттасып, үшінші тарапқа сөз бере аламыз (мысалы, халықаралық құқық мамандарына). Біз естілмей жатқандарға үн сыйлай аламыз. Басқа елдерде басқа адамдар осыған ұқсас жағдаятты қалай шешкенін үлгі ретінде айта аламыз.  

Қақтығыстардың құрылымы күрделі

Адамдар оқиғаны әртүрлі көруі мүмкін. Түрлі топтағы адам ортақ мақсатқа оңай біріге алады деп ойламаңыз. Барлық тараптың қажеті жеткілікті деңгейде қанағаттандырылмай, жанжал шешілмейді немесе басқарылмайды. Түрлі тараптың өкілінен олардың ниеті қандай екенін сұраңыз. Олардың жасап жатқан ісі айтқан сөзіне сәйкес келе ме? Адамдардың альтернатив шешім табуына көмектесіңіз.

Ақыр соңында, мынаны ұмытпаңыз: «Соғыс – спорт емес»

Қанша адам қайтыс болғанын, жараланғанын немесе қоныс аударғанын білу маңызды. Бірақ жанжал – спорттық жарыс емес. Соғысты спорттық оқиға ретінде көрсетудің қажеті жоқ. Мұндағы деректер – құрғақ статистика емес, бұл – адамдардың тағдыры.

Автор: Ольга Настюкова
Made on
Tilda