Ұйымдастырушылар – «Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі мен Алматыдағы ЮНЕСКО бюросы. Шақырылған сарапшылар қатарында Беларусь журналистер қауымдастығының заңгері Алег Агееу (Олег Агеев) пен Алматыдағы ЮНЕСКО бюросының коммуникация және ақпарат мәселелері жөніндегі маманы Сергей Карпов бар. Сондай-ақ, қаңтардағы қырғын күндері жұмыс істеген, ұсталған, жараланған немесе агрессия мен бөгет-бұғатқа тап болған журналистер де оқиғаға өз бағасын берді.
Қазақстандағы қаңтар қақтығыс кезінде қазақстандық және халықаралық журналистерге шабуыл жасалды. Кейбіреулері қысқа мерзімге ұсталды, алты журналист жарақат алды, тағы алтауы жауап алуға шақырылды, төртеуі әкімшілік қамауға алынды. «МИР24», «Еуразия», Qazaqstan, Khabar, КТК телеарналарының ғимараты, Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігінің редакциясы зардап шекті.
Сергей Карповтың презентациясынан алынған мәліметтер, ЮНЕСКО.
Біз сарапшылардан пайдалы ақпараттар жинап, оқырмандарымызға қосымша ақпарат ұсынып, бірталай машыққа баулыдық. Спойлер –
жауабы жоқ сұрақтар мен әркім өзі қабылдауы тиіс шешімдер де бар. Бірақ біз сіздер үшін қызықты біраз дүние жинадық.
НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫН ТҮСІРУГЕ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛУ КЕРЕК?
Қандай жағдайда жұмыс істейтініңізді білу мен басқа төнер қауіп-қатер шамасын редакциядан шықпай жатып шамалауыңыз керек. Акция қаншалықты заңды, билік органдарымен келісілген шара ма? Бұл – өте маңызды критерий. Себебі сізге төнетін қауіп-қатер дәрежесі оған тікелей байланысты.
Журналисте «ПРЕССА» деген анық көрінетін жазуы бар желетке мен байлауыш міндетті түрде болуы керек. Иә, журналистер мұндай жазуы бар киім кию кейде қауіпті болуы мүмкін дейді. Бірақ жоқ дегенде сол киім өзімен бірге болуы керек. Себебі заң талабы бойынша наразылық акциялары кезінде сізде белгі болуы шарт. Қауіпсіздік тұрғысынан, егер жағдай қиындап бара жатса, шеше салуға болады.
«Беларусьте журналистерді заңсыз қарумен атқан үш жағдай тіркелді. Сондай-ақ, күш құрылымдары қызметкерлері наразылық акциясына күш қолданар алдында құжат тексеру деген сылтауымен журналист белгісі барлардың барлығын әдейі алып кететін жағдайлар да болды», – дейді Олег Агеев.
Үстіне кигені мен аяқкиімі ыңғайлы болып, қозғалысқа кедергі келтірмеуі керек. Сіз әбжіл қимылдай алуыңыз керек. Худи немесе күлпарасы бар сырт киім кию қажет емес. Себебі күлпара шап беріп, сүйрей кетуге ыңғайлы.
Редакция куәлігі, бейдж сияқты құжаттарыңызды тастамаңыз. Смартфон, камералар қуаты толық болсын, қосымша батарея да алып алыңыз.
Камераға қосымша флешка да алып алыңыз. Біраз материал түсірген соң флешканы ауыстырып отырыңыз. Егер камераңызды тартып алса – тым болмаса материалдың жартысын сақтап қаласыз.
Ауыз су мен шағын дәрі қобди алып алыңыз. Бинт, мүсәтір мен йод секілді заттар аса көп орын алмайды. Есесіне жедел көмек қажет болған кезде қолда болғаны дұрыс.
Біреу бізді көре сап: «Ұрыңдар мыналарды, олар бізді түсіріп жатыр», – деп айғайлады. Біз қашпадық. Бір топ адам қоршап алды, біреуі камераны жұлып алды. Сонда да қарсыласпадық. Мұндай жағдайда ерегесу пайда әкелмейді. Мен өте сыпайы түрде камераны қайтарып беруін сұрадым. Бірақ бізді бұрышқа тақап апарды. Бақытымызға қарай, ол жерде басқа бір наразы топ болды. Олар бізді сол топтағы қыспақтан шығарып алып, «олар журналистер» деп түсіндіре бастады. Егер олар болмаса, біздің күніміз не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Бізге тап бергендердің қолында күрек, қалқан, полиция сойылы болды, біреуінің қолында білектей арматура жүр.
Мадина Аешева, журналист, Orda.kz
НАРАЗЫЛЫҚ КЕЗІНДЕ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕУ КЕРЕК?
Журналистің міндеті – барынша бейтарап болу. Сондықтан акция басталмас бұрын, оған қандай пиғылмен баратыныңызды шешіп алыңыз. Сіз наразылық білдірушісіз бе, әлде журналистсіз бе? Бұл екі рөлді араластырмаңыз: наразылық белгілері бар киім киюге болмайды, плакат ұстамаңыз, ұрандатпаңыз. Бұл мемлекет өкілдеріне сізді белгілі бір қорғауды қажет ететін журналист ретінде емес, наразылық білдіруші топ өкілі қарастыруға мүмкіндік береді.
Редакция сіздің қайда бара жатқаныңызды білуі керек. Сіз қанша уақытта бір байланысқа шығып тұратыныңызды келісіп алыңыз. Мысалы, әр жарты сағат сайын немесе әр 15 минут сайын SMS жіберуге болады. Шаблон хабарлама мәтінін басу арқылы жылдам хабар беру ыңғайлы.
Не болып жатқанын мұқият қадағалаңыз. Барлық қатысушыны бақылаңыз – қауіпсіздік күштері қай тұста, қалай қаруланған, күш қолдануға қаншалықты дайын. Наразылық білдірушілер бейбіт пиғылды ма, әлде радикалдар ма? Олардың қолында қару ретінде қолдануға болатын заттар бар ма? Арасында арандатушы «титушкалар» жүр ме?
Күш құрылымдары қару, мысалы, көзден жас ағызатын құралдарды қолданатынын байқасаңыз, ық жаққа шығыңыз.
Топта үлкен сөмке асынып жүргендерге, оралған зат ұстағандарға немесе иесіз тұрған заттарға абай болыңыз. Ондайлардан аулақ жүріңіз. Теракт немесе арандату болуы мүмкін екенін естен шығармаңыз.
Менің әңгімем қандай қателіктер мен қауіптер болатыны жөнінде. Біз баррикадалардан жоғары болуымыз керек. Бірақ мұндай сәттерде бейтараптық сақтау оңай емес. Өте қауіпті сәт болды: еліріп алған бір топ адам әкімдікке басып кіруге шақырды. Таңдау жасауда тосылатын сәт те болды: бейтарап күйде түсіре беру немесе оқиғаның алдын алу үшін бірнәрсе жасау. Мен қолыма мегафон алып, жұртты олай істемеуге шақыруға тырыстым. Осыдан кейін менің үстімнен әкімшілік іс қозғалды. Полиция үшін бір нәрсе ғана маңызды – сіз қолыңызға мегафон алдыңыз. Мұны ешқашан қайталамаңыз.
Лұқпан Ахмедияров, фрилансер-журналист, Орал.
ЕГЕР НАРАЗЫЛЫҚ КЕЗІНДЕ ҰСТАЛСАҢЫЗ, НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Полиция қызметкеріне ешқандай жағдайда қарсылық көрсетуге болмайды, ал қол көтеруді мүлдем ойыңыздан шығарыңыз.
Егер олар сізді ұстамақ болса, қатты дауыстап, бірақ айғайға баспай, наразылық білдіруші емес, журналист екеніңізді айтыңыз.
Күш қолдана бастаған жағдайда өзіңіз, әріптестеріңіз, айналаңыздағы кез келген адамға жасалған зорлық-зомбылық болса да оны түсіріп алуға тырысыңыз. Фото, аудио, видео, тіпті куәгер бола алатын адамдарды есте сақтау да жарайды.
Мүмкіндік туа қалған жағдайда ұсталғаныңыз туралы жақындарыңызға хабарлаңыз. Қайдан ұстады, қайда апарды/апара жатыр, қайдасыз, жағдайыңыз қалай? Ұсақ-түйектің бәрі маңызды.
ҰСТАЛҒАН ЖАҒДАЙДА ӨЗІҢІЗДІ ҚАЛАЙ ҰСТАУЫҢЫЗ КЕРЕК?
Мүмкіндік болған кездің бәрінде күш құрылымы өкілдеріне өзіңіздің журналист екеніңізді, аты-жөніңіз бен қай редакциядан екеніңізді айта беріңіз.
Егер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасаудан құтыла алмайтын болсаңыз, оны мұқият оқып шығыңыз. Сізге осы хаттаманың көшірмесін беруі керек.
Егер хаттама толтырылса, қол қоюдан бас тарту ештеңені өзгертпейді. Ешқашан хаттамаға қол қоюдан бас тартпаңыз. Бұл – ең ақымақ шешім. Одан да журналист екеніңізді көрсете отырып, қарсылықтарыңыз болса, хаттамаға енгізген дұрыс. Сізге төрт жерде қол қою ұсынылады. Сіз іс қағаздарын жүргізу тілін таңдадыңыз ба, неге өзіңізді заңсыз ұстады деп есептейсіз, сізге құқыңыз бен міндеттер түсіндірілді ме, қорғаушыға мұқтажсыз ба (мұқтажбын, хаттама толтырылған кезде қорғаушы берілмеді). Сіз хаттамаға қол қоймасаңыз да, ол бәрібір әкімшілік іс қозғауға негіз бола алады.
Ұстау хаттамасын ресімдемей сізді үш сағаттан астам мерзімге қамауға болмайды. Көптеген журналисті осы уақыт ішінде босатады.
Ұсталғандардың жеке заттары алынады. Олардың тізіміне мұқият қараңыз. Егер жабдығыңыз зақымдалса, оны да алу құжаттарында көрсетіңіз.
Ұсталғаныңыз бен қайда отырғаныңызды хабарлаудың кез келген мүмкіндігін пайдаланыңыз. Полицияға жеткізілгендердің кейбірі міндетті түрде босатылады. Егер сол уақытқа дейін байланыс құралдарыңызды алып қойған болса, олардан жақындарыңызға хабар беруді сұраңыз.
Қаланы қиратуға келе жатқан тобыр үшін журналист пе, басқа ма, бәрібір еді. Ондай жағдайда журналист қылмысты айғақтап түсіріп жатқан пенде ғана. Олар телефон, түсіретін құралдарды тартып алып жатты. Маған да қауіп төне бастады. Егер осында қалар болсам, жұмыс істетпейтіні белгілі болды. Барлық ереуілшілер мен қарақшыларды қуып жатқан 6 қаңтар күні журналист – аяғы бар фотоаппарат қана еді. Маған тіпті өткен-кеткендердің бәрі: «Жігітім, түнімен дүкен тоналған жерге неге өз техникаңмен келіп тұрсың? Қарақшылар сенің журналист, желетке киген-кимегеніңе қарамайды. Бұл жерде бас сауғасын әркім өзі ойлауы керек», – деді.
Сергей Алексеенок, Алматыдағы оқиға кезіндегі Press.kz фототілшісі
Пайдалы сілтемелер:
ЮНЕСКО-ның «Наразылықтарды жариялайтын журналистердің қауіпсіздігі» нұсқаулығы
Жұмысқа жаңа кірген журналистер мен журналистика факультеті студенттері үшін:
Журналистердің қауіпсіздігі бойынша типтік курс
Демонстрациялар мен тәртіпсіздіктер кезінде хабар тарату, 115-бетті қараңыз
Кітапты жүктеп алу
фото: Сергей Алексеенок