ҚҰЖАТТАР
Қазақстандағы медианың негізгі принциптері
Осы құжат арқылы Қазақстандағы редакциялардың жұмысына қойылатын негізгі принциптер бекітіледі. Олар әлемде қабылданған және Қазақстан Республикасының 2012 жылғы журналистік этика кодексінде бекітілген этикалық стандарттарға негізделген.

Осы базалық принциптерді барша редакцияның өз еркімен сақтауы –Қазақстандағы медиа саласының өзін-өзі реттеу деңгейін қамтамасыз ете отырып, басы артық заңнамалық реттеулерге жол бермейді.

Бұл құжат бойынша бұқаралық ақпарат құралы ретінде жұмыс істейтін-істемейтініне қарамастан, жаппай тұтынуға арналған ақпараттық контент жасайтын адам немесе адамдар тобы редакция ретінде танылады.

Негізгі принциптер заң тұрғысынан міндетті емес. Осы негізгі принциптерді қолдайтын редакциялар бұл туралы арнайы Декларацияға қол қою арқылы мәлімдейді. Мұндай декларацияларға қол қойған редакциялар өз жұмысында базалық принциптерді сақтауға тырысатынына міндеттеме алады.

Сонымен бірге, кез келген редакция төменде келтірілген талаптардың кез келгенін, өз пікірінше, неғұрлым маңызды принциптер бойынша немесе нақты жағдайларға сүйене отырып, этикалық нормаларға адалдықты сақтай отырып елемеуге құқылы.
I. Редакция жұмысының негізгі принциптері
Бұл бөлім медианың, редакциялардың, журналистердің, блогерлердің және редакция ұжымдарының басқа да мүшелерінің ақпаратты іздеу, тарату және түсініктеме беру, оқиғаларды сипаттау және мәселелерді жариялау бойынша жұмыстары кезіндегі кәсіби мінез-құлқының негізгі принциптерін бекітеді.

1. Қоғамның анық ақпарат алу құқы

Редакция жұмысы адалдыққа және қоғамда болып жатқан немесе қоғамға әсер ететін, қоғамдық қызығушылық тудыратын оқиғалар мен құбылыстар туралы бейтарап ақпарат беруге негізделуі керек.

Осы мақсатта редакция:

1.1. Ақпаратты барлық қолжетімді әдіс арқылы тексереді, дереккөзі белгілі және маңызды мәліметті ескеретін ақпаратты ғана пайдаланады.

1.2. Ақпаратты тарату кезінде медиа таратылатын ақпараттың растығын бірінші орынға қояды. Бұл жағдайда жеделдік екінші орында тұрады.

1.3. Басқа әдістер қоғамдық қызығушылық тудыратын ақпаратты алуға мүмкіндік бермейтін жағдайларды қоспағанда, ақпарат жинаудың жасырын немесе басқа құпия әдістерінен аулақ болады.

1.4. Эксклюзив ақпаратты жариялау кезінде екі дереккөз ережесін сақтайды: барлық фактілерді бір-бірімен байланыссыз, әрі сенімді, кем дегенде екі дереккөз растауы керек.

1.5. Мүмкіндігінше ақпарат көзін көрсетеді.

1.6. Егер ақпарат көзі құпия қалуды қалай отырып ақпарат беруге дайын болса, осы дереккөздің ақпарат беру себептерін анықтайды.

1.7. Тақырыптар, анонстар мен промо-материалдар, мультимедиа фрагменттері мен дәйексөздер мазмұнның мәнін бұрмаламайтынына көз жеткізеді.

1.8. Көрерменге фотосуреттер қайда, қашан және қандай жағдайда түсірілгені, аудио және видео жазбалар қалай жасалғаны туралы әрдайым нақты және ашық хабарлайды.

1.9. Фотосуреттер мен коллаждарды белгілейді, оларды оқиға орнында түсірілген репортаждық фотосуреттерден бөлектейді, сондай-ақ аудитория оларды дәл сол кездегі суреттер ретінде қабылдап қалмауы үшін мұрағаттық фото- және бейнематериалдарға белгі соғады.

1.10. Оқиғаларды тарихи ретпен қайта құру әдісін қолданған кезде аудиторияға бұл деректі дүние емес, қойылым екенін түсіндіре кетеді.

2. Адам құқына құрмет

Редакция адамның жеке бас құқы маңызды екенін түсінеді және кейіпкерлердің өміріне ақпарат мазмұны белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін екенін ескере отырып, олардың мүдделерін ескеруге тырысады. Адал журналистикада қорлау, жала жабу және жалған айыптау ұғымдары сәйкес келмейді.

Осыны ескере отырып, редакция:

2.1. Бала ақпарат көзі болғанда, зорлық-зомбылық және басқа да заңсыз әрекеттерге байланысты оқиғаларға қатысы болған кезде баламен жұмыс істей отырып, ерекше мұқият болады. Кәмелетке толмағандардың аты-жөнін және оларды тауып алуға мүмкіндік беретін басқа да деректерді хабарламайды.

2.2. Тәжірибесіз кейіпкер өзіне зиян келтіруі мүмкін, мысалы, қоғамның ашуына тиіп, қудалауына ұшыратуы мүмкін сөзді абайсызда айтып, мәлімдеме жасап қойған кезде оны материалда пайдаланбайды.

2.3. Зардап шеккен немесе қайғыға батқан адамдардың сұхбаттарын, фотосуреттерін немесе бейнелерін пайдалану кезінде әдеп сақтайды.

2.4. Ол суреттерді жарияламайды, қылмыс құрбандарын анықтауға мүмкіндік беретін атауларды, мекенжайларды және басқа деректерді көрсетпейді.

2.5. Кінәсі сот үкімімен анықталып, заңды күшіне енбейінше, күдіктілерді «қылмыскер» деп атамайды.

3. Тәуелсіздік және алаламау

Редакция ел ішінде үйреншікті жайт болмаса да, көзқарастар мен адам өмірінің алуан түрлілігін көрсету барысында қоғамның мүдделерін, оның демократиялық институттары мен қоғамдық моральды құрметтеуі керек. Редакция қоғамның ақпарат алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдер қабылдау кезінде қандай да бір мемлекеттік және қоғамдық институттарға тәуелді болмауға тиіс.

Оған қол жеткізу үшін, редакция:

3.1. Дереккөзі билік болса да кез келген ақпаратқа, барлық оқиғаға, компанияға және адамға бірдей скептицизммен және сенімсіздікпен қарайды.

3.2. Берген материалында қоғамдағы көзқарастардың әралуандығын көрсетуге тырысады.

3.3. Әртүрлі қоғамдық топтар мен әлеуметтік топ өкілдеріне пікір айтуға тең мүмкіндік береді.

3.4. Ашық пікір алмасуды қамтамасыз етеді, әртүрлі көзқарастарды жақтаушыларға, тіпті пікірлері орашолақтау болып көрінсе де, тең мүмкіндік береді.

3.5. Әртүрлі адамдар мен қоғамдық топтардың сенімдері мен құндылықтарын құрметтей отырып ақпарат жариялайды.

3.6. Қоғамдық топтардың санына қарамастан жарияланымда өшпенділікке жол бермей, айыптаудан, кез келген кемсітуден аулақ болады, ұлты, нәсілі, жынысы, діні, тілі, жыныстық ұстанымы, кәсібі, саяси және өзге де көзқарастары бойынша кемсітуден аулақ болады.

3.7. Пікір айтушының сөзі мен мәлімдемелерінің дұрыс қайталануын қамтамасыз етеді. Жанжал туындаған жағдайда, барлық негізгі тарап өкілдерінен жанжалдың себебі туралы түсініктеме алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.

3.8. Фактілер мен пікірлер ара-жігін ажыратады: бағалау пікірлері факті ретінде ұсынылмайды. Аудиторияға пайдаланылған пікірлерді анықтауға және оларды айтылған фактілерден ажыратуға мүмкіндік береді.

3.9. Өзінің кез келген байлам, тұжырымдарын және бағамдауларын фактілермен және цифрлармен немесе сарапшылардың пікірлерімен растап отырады (Нақты сарапшылардың пікірі екенін көрсеткен жағдайда).

3.10. Объективтігі мен бейтараптығына әсер етуі мүмкін материалдық немесе материалдық емес мүдденің пайда болуына жол бермейді.

3.11. Жалған ақпаратты қасақана таратуға және шынайы ақпаратты кез келген түрдегі сыйақы үшін жасырып қалуға жол бермейді.

4. Аудитория алдындағы жауапкершілік пен шынайылық

Редакция қоғам мүддесі үшін әрекет ете отырып, осы қоғамға есеп береді, яғни өз жұмысы үшін жауап береді, өзінің шешімдері мен себептері туралы ашық айтады, аудиторияға редакцияның бейтараптығы мен тәуелсіздігі дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін кез келген ақпаратты береді.

Осыған байланысты, редакция:

4.1. Қате жібергеннен кейін, редакциядан тыс ешкім талап етпесе де, бұл қатені тез арада түзетуге немесе жоққа шығаруға барынша күш салады.

4.2. Егер қате осы негізгі принциптерге айтарлықтай қайшы келсе – оны мойындайды және түзетеді, ал аудиторияға қатенің неден болғанын, неге түзетулер енгізілгенін және қалай түзелгенін нақты және ашық түсіндіреді.

4.3. Аудиторияға оның объективтілігіне әсер етуі мүмкін кез келген мән-жай туралы, сондай-ақ жарияланатын немесе жариялауды жоспарлап отырған белгілі бір тақырыптарға мүдделіліктің кез келген түрі туралы ақпаратты барынша егжей-тегжейлі мәлімдейді.

4.4. Редакция қызметі пен белсенділігі ортақ: бүкіл редакция немесе оның бір бөлігі митинг, демонстрация мен пикеттерді қоса алғанда, кез келген қоғамдық акцияларға қатысқан жағдайда, осы шара барысын жариялаудан бас тартады.

4.5. Саяси қызметтен бас тартады: редакция мүшелерінің ешқайсы қандай да бір саяси партияның мүшесі бола алмайды және/немесе мемлекеттік басқару, сот немесе заң шығарушы билік органдарында қызмет атқара алмайды.

4.6. Егер орындалуы осы негізгі принциптерге қайшы келсе, қызметкерлерге редакция тапсырмасын орындаудан бас тартуға мүмкіндік береді, ол үшін оны қудаламайды.

4.7. Егер өздері дайындаған жарияланым мазмұны автордың немесе авторлар ұжымының еркінен тыс өзгертілген немесе ішінара түзетілген болса, өз қызметкерлеріне ол материалда авторлығын көрсетуден бас тартуға мүмкіндік береді.
II. Меншік иесі / баспагер / хабар таратушы және редакция арасындағы өзара қарым-қатынастың негізгі принциптері
5.1. Құрылтайшының редакция қызметіне араласуға құқы жоқ.

5.2. Құрылтайшы мен редакция Редакция жарғысы немесе Құрылтай шарты аясында өзара әрекет етеді. Онда құрылтайшының, редакция мен бас редактордың құқықтары мен міндеттері айқындалады.

5.3. Бас редактор құрылтайшының бұйрығымен тағайындалады, бұйрықта бас редактордың редакция контенті үшін жауапкершілігі көрсетілуі керек.

5.4. Егер редакциядағы осы тармақтар медианың негізгі принциптеріне сәйкес келмесе, онда өтініш бойынша мұндай жағдай медианың Қоғамдық өзін-өзі реттеу органында қаралуы мүмкін.
III. Жарнама, мемлекеттік тапсырыс, product placement, натив жарнама және PR материалдар ережесі
6.1. Жарнама материал жариялау кезінде Қазақстан Республикасының Жарнама туралы заңнамасының барлық талабын сақтау қажет.

6.2. Тапсырыс беруші ақысын төлеген барлық материал арнайы таңбамен немесе мәтінмен белгіленеді. Жаңалықтардағы жарнама материалдар арнайы белгімен және ерекше қаріппен ерекшеленеді немесе ақпараттық және аналитикалық материалдардан бөлек бөлікте орналасады. Натив жарнама, пресс-релиз немесе PR материалдар арнайы белгімен белгіленеді, қаріппен ерекшеленеді.

6.3. Журналист пен редакция мүдде қайшылығын тудырмас үшін Тәуелсіздік мәртебесіне нұқсан келтіретін сыйлықтар мен қызметтерді қабылдамайды және жеке мүдделер жағын ұстанбайды, сонымен қатар, редакцияда жарнама берушінің мүддесіне қатысты ақпарат болса немесе материал дайындаса, жарнамадан бас тартуға дайын болуы керек.

6.4. Пресс-тур материалдары, егер ақысы төленген болса, жарнама ретінде қарастырылуы керек. Егер материал үшін ақша төленбесе, онда олар редакция материалы болып саналады. Журналист пен редакция баспасөз турынан материал дайындауға міндетті емес.

6.7. Мемлекеттік тапсырыс арқылы дайындалған және ақысы төленген материалдар тиісті таңбамен белгіленуі керек.

6.8. Журналист редакцияға жасырын жарнама ретінде қабылданатын материалды ұсынбайды.

6.9. Қазақстандағы медианың негізгі принциптерін мойындай отырып, журналист өз материалы салдарынан туындаған кәсіби-этикалық жанжалдардың медианың Қоғамдық өзін-өзі реттеу комитетінде шешілуін орынды деп санайды.

6.10. Редакция мен журналист өз жағдайын немесе өзі қызмет ететін бұқаралық ақпарат құралының мүмкіндіктерін теріс пайдаланбауға, сондай-ақ оның тәуелсіздігіне немесе оның Қазақстандағы медианың негізгі принциптеріне сәйкес әрекет ету мүмкіндігіне қатер төндіруі мүмкін сыйлықтар мен өзге де табысты қабылдамауға тиіс. Сыйақыны талап ететін және (немесе) басқа Тарап шығыстарын, қаламақыларды төлейтін конференцияда сөз сөйлейтін немесе баяндама жасайтын редакция қызметкерлері сөйлейтін сөзін бас редактормен алдын ала келісуі тиіс.

6.11. Жаңалықтардағы жарнама материалдары да таңбалануы керек немесе бөлек блокта берілуі керек. Жарнама берушілердің коммерциялық мүдделеріне байланысты материалдарды аудитория үшін тиісті түрде белгілеп қоюы керек. Редакциялық контент ақылы контенттен немесе жарнамадан айқын ерекшеленіп тұруы керек, жарнама ретінде жариялануы керек немесе аудиторияның осы материалдарды редакция материалымен шатастырмас үшін «Серіктес материал», «Жарнама ретінде» және т.б. арнайы таңбамен белгіленуі керек. Жаңалықтардағы жарнамалық материалдар да таңбалануы керек немесе бөлек блокта берілуі керек.

6.12. Ақпараттық-талдау бағдарламалардың редакциялық саясаты жарнама саясатынан дербес. Егер тақырып қоғамның қызығушылығын туғызса, бірақ қазіргі немесе болашақ жарнама берушіге теріс әсер етсе, онда редакция контентіне басымдық беріледі. Ең дұрысы – жарнама арқылы материал жасайтын журналистер редакция контентін жасайтын журналистерден бөлек болуы.

6.13. Журналистер жарнама материал жаза алмайтын болуы мүмкін және міндетті емес. Редакция коммерциялық және жаңалықтар бөлімін бірге қарастырмауы тиіс. Журналистің аты-жөні жарнама материалдарында көрсетілмеуі тиіс.
IV. Плагиат және басқалардың материалын пайдалану
7.1. Өзін кәсіби медиа немесе медиа өкілі санайтын ақпарат құралының/тұлғаның плагиатқа бармауы және басқалардың материалын пайдаланбауы – аудиторияға деген сый-құрметі. Рұқсатсыз, сілтемесіз өзгелердің материалын пайдалану – медианың, медиа өкілінің кәсіби деңгейінің төмендігін көрсетеді.

7.2. Жарияланатын кез келген материал плагиатқа тексерілуі керек. Егер плагиат бар екені анықталса, онда журналистке немесе медиаға плагиатты пайдалануға жол беруге болмайтыны туралы қатаң ескерту жасау қажет және редакция жағдайды түзету үшін материалды алып тастау немесе автордың немесе құқық иеленушінің материалды пайдалануға рұқсатын алу секілді барлық шараларды қолдануы тиіс. Егер қандай да бір мәтіннің немесе көрнекі мазмұнның авторы материалдың плагиат екенін дәлелдесе, редакция авторды көрсетуге және кешірім сұрауға міндетті. Контент иесі авторлығын көрсетуді талап еткен жағдайда, материалды жойып жіберу – мәселенің шешімі емес. Автор міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Оны оқырманға да хабарлау керек. Егер автор қаламақы талап етсе, оны төлеу керек.

7.3. Егер ақпарат / дереккөз / факт сөзбе-сөз басқа ақпарат құралдарынан алынған болса, онда материалдың бұл бөлігі (дәйексөз) қандай ресурстан алынғанын көрсете отырып, тырнақшаға алынуы керек. Ешқашан дереккөзді жасыруға болмайды. Мүмкін болса, гиперсілтеме беру керек. Егер (басқа ақпарат құралдарынан) бұрын бір басылым өңдеп, жарияласа немесе ауызша сөйлеудің стилистикалық түзетілген түрі болса, дереккөздің цитатасы тікелей немесе ішінара кездесуі мүмкін. Цитатаның қысқартылу негізі көрсетілуі керек. Тұтас материал пайдаланылмаса да, басқа медиа немесе медиа тұлғаның эксклюзив журналистік зерттеуінде біреудің пікірі/түсініктемесі/ пайдаланылып, сөз орындарын өзгерту фактісі анықталса, міндетті түрде кешірім сұрау керек. Егер іс-шара барысында журналистер үшін айтылған спикерлердің сөзі (баспасөз туры, баспасөз конференциясы, брифинг) басқа медиадан алынған болса, мұны да көрсету қажет. Іс-шараға қатыспаған БАҚ өкілі оған барып қатысқан адам сияқты ақпарат тарата алмайды.

7.4. Егер материалда аудиовизуал мазмұн пайдаланылса, онда авторлық құқық иесінен жазбаша рұқсат алу керек. Фотосуреттердің құқық иеленушілері, аудио немесе видео дереккөздері көрсетілуі тиіс. Егер фотосурет немесе видео сток сервистерден алынған болса, онда сол сток сервиске де сілтемеде көрсетілуі керек.

7.5. Баспасөз мәслихаты, брифинг немесе басқа да көпшілік іс-шаралар кезінде қойылған сұрақтың авторын көрсету де жақсы әдет болып саналады.

7.6. Кез келген медиа немесе журналист/блогердің материалы ұрланғаны белгілі болған жағдайда, журналистік қауымдастық бей-жай қалмауы керек. Плагиатты ешқашан ақтауға болмайды.
V. Редакция саясатының стандарты
8.1. Редакция саясаты оқырман, тыңдаушы және көрермен алдындағы жауапкершілікке негізделген. Редакция саясатының негізі – қызығушылыққа, жеке және коммерциялық мүдделерге емес, қоғамдық мүддеге қызмет ету. Редакция саясаты қоғамымыздағы мүшелердің пікірлерін құрметтеуге және пікірлердің, фактілердің, ақпарат пен оны бағалаудың, оқиғалар мен процестердің барлық түрін бүкіл қоғам үшін барынша түсінікті және қолжетімді форматта ұсынуға негізделген.

8.2. Редакция фактілерді әртүрлі түсіндірулерден, бағалаулардан, пікірлерден және нақты емес ақпараттың басқа түрлерінен ажырату үшін барлық ақылға қонымды шараларды қабылдауы керек; барлық құжат, сан, атау және басқа пайдаланылған жазба сенімді болуы керек, ал егер олардың сенімді екеніне күмән туындаса, ол нақты көрсетіледі; барлық болжам мен алдағы мақсатты мәндер нақты көрсетіледі және оларды жасау немесе пайдалану кезінде жасалған барлық маңызды болжам көрсетіледі.

8.3. Ақпаратты іздеу, алу және таратуға байланысты кез келген мәлімет, журналистік қызмет немесе заңдылығына қатысты күмән туындаған жағдайда, бас редактор қандай да бір тиісті қадамдар жасамас бұрын немесе осы ақпаратты редакция контенті ретінде пайдаланбас бұрын кеңес алу үшін заңгерге жүгінуі керек.

8.4. Редакция ақпарат көздеріне сын тұрғысынан қарайды. Әсіресе даулы мәселені жариялау кезінде. Даудың бір тарапы ақпарат көзі бола отырып, әрқашан жеке мүддеге ие болады, сондықтан даудың екінші тарапына сөз беру өте маңызды.

8.5. Хабарламалардың мазмұнына қатысты редакция шешімдері кәсіби әдеп бойынша қабылданады. Редакция журналистерінің әлеуметтік желілерде жеке аккаунттары болуы мүмкін, оларда ақпарат жарияланған кезде олар редакцияның пікірін емес, жеке пікірін білдіреді. Дегенмен, журналист редакциядан тыс кәсіби этика қағидаттарынан ауытқи алмайды.

8.6. Негізгі принциптер редакция мен журналистің әлеуметтік желілердегі редакцияның бизнес-аккаунтындағы жұмысына да қатысты. Жеке аккаунттарында журналистер қоғамдық мінез-құлық нормаларын сақтай отырып, өз пікірін білдіруге құқылы.

8.7. Редакция журналистердің жұмысы кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда оларды негізсіз айыптау мен қудалаудан қорғайды.

8.8. Екінші тараптан алынған және жариялаған материалдарды пайдаланған кезде ақпарат көзін тиісті түрде атап өту қажет.

8.9. Ақпарат ашық және заңды түрде алынуы керек. Сұхбат алушы адамға әңгімелесу кезінде жазылып жатқаны ескертілуге тиіс және оның өз сөзі қандай құралда және қандай байланыс түрімен жеткізілетінін білуге құқығы бар. Сондай-ақ, әңгіме көпшілікке жария болатынын немесе анықтамалық материал ретінде жазылғанын көрсету қажет. Ерекше әдістерге әлеуметтік маңызды ақпаратты әдеттегі тәсілдермен алу мүмкін болмаған жағдайда ғана жүгінуге болады. Ерекше әдістер деп әңгімелесушінің келісімінсіз, мысалы, қоғамдық мүдде бойынша, белгілі бір журналистік зерттеулерге байланысты, журналистік қызметке кедергі келтіруге байланысты ақпаратты әдеттегі тәсілдермен алу мүмкін болмаған жағдайда сөйлесуді жазу деп түсіну керек.

8.10. Ақпарат беретін тұлға қорғалуы тиіс. Құпия ақпаратты берген адамның жеке басы оның рұқсатынсыз жарияланбайды не соттың шешімі бойынша ғана көрсетіледі. Бұл сонымен қатар бүркеншік ат немесе лақап ат қолданатын жарналистің жеке басына да қатысты.

8.11. Егер нәтижесінде дұрыс болатын болса, журналист сұхбаттасушының фактілердің дұрыстығына көз жеткізу үшін жарияланым алдында мәлімдемесін тексеріп алу туралы өтінішін орындауы керек. Алайда мұндай тексеру редакцияға сұқбат берген тұлғаның бұрын айтылған мәлімдемелерін жария етуден бас тартуына негіз бола алмайды.

8.12. Дұрыс емес ақпарат редакцияның өз еркімен немесе редакция материалында мүдделері қозғалған адамның сұрау салуы бойынша дереу түзетілуі тиіс.

8.13. Егер белгілі бір адам редакция материалында қатаң сынға ұшыраса, редакция тарапынан оның осыған қатысты көзқарасын қоса беру әділдік болады. Сынға ұшыраған адамның ар-намысы, қадір-қасиеті немесе іскерлік беделіне нұқсан келсе – негіз болған жағдайда жауап беруге құқылы. Егер жауап беру құқы туралы сұраным негізді болса, жауап сол жауап беруші адам қалаған формада тез арада жариялануы керек және бастапқы ақпаратты алғандар жауапты оңай байқай алуы керек.

8.14. Журналист редакцияның контенті саналатын кез келген материалда өзінің немесе отбасы мүшелерінің мүддесі болған жағдайда бас редакторға хабарлауға міндетті. Егер автор немесе оның отбасы мүшесі қаржылық немесе басқа пайда көрсе немесе материалды жариялау нәтижесінде қаржылық немесе басқа шығындардың алдын алса – оны мүдделілік деп түсіну керек.

8.15. Редакция мен журналист өз жағдайын немесе өзі қызмет ететін бұқаралық ақпарат құралының мүмкіндіктерін теріс жолда пайдаланбауға, сондай-ақ оның тәуелсіздігіне немесе оның Қазақстандағы медианың негізгі принциптері бойынша әрекет ету мүмкіндігіне нұқсан келтіретін сыйлықтар мен өзге де табыс түрін қабылдамауға тиіс.

8.16. Ақпараттық-талдау бағдарламалардың редакциялық саясаты жарнама саясатынан дербес болады. Егер тақырып қоғамның қызығушылығын туғызса, бірақ қазіргі немесе болашақ жарнама берушіге теріс әсер етсе, онда редакция контентіне басымдық беріледі. Ең дұрысы – жарнама арқылы материал жасайтын журналистер редакция контентін жасайтын журналистерден бөлек болуы.

8.17. Әрбір журналист өзі жұмыс істейтін БАҚ-тың редакция саясатын дәл түсінуі үшін әр редакцияға Негізгі принциптер негізінде өз редакциялық принциптерін әзірлеу ұсынылады.
VI. Стандарттардың бұзылғаны туралы шағымдар мен хабарламаларды қарастыру процедурасы
9.1. Қазақстан медиа конференциясында сайланған Қоғамдық комитет Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу органы болып саналады және азаматтардан, ұйымдардан немесе мемлекеттік органдардан медиаға немесе оның қызметкерлерінен Қазақстандағы медианың базалық принциптерін бұзатын әрекеттерге қатысты шағымдарды қарайды.

9.2. Кез келген азамат немесе азаматтығы жоқ адам, белгілі бір журналистің, редактордың, редакцияның, баспагердің, хабар таратушының, медиа саласындағы кәсіпкерлік немесе кәсіби қызметтің басқа субъектісінің қызметіне медианың негізгі принциптерін сақтау және құрметтеу тұрғысынан баға алғысы келетін лауазымды адам немесе ұйым қоғамдық Комитетке жүгіне алады.

9.3. Медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі Қоғамдық комитетіне жүгіну тәртібі осы базалық принциптер бойынша айқындалған және Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу қоғамдық комитетінің қызметі туралы ережеде көрсетілген.

9.4. Комитетке өтініш жазбаша түрде беріледі, онда мынадай ақпарат қамтылуы тиіс:

- өтініш берушінің аты-жөні немесе Комитетке жүгінген ұйымның атауы;
- өтініш беретін медианың атауы;
- өтініш берілетін материалдың жарияланған күні немесе эфирге шыққан кезі;
- даудың мән-жайы бар мақаланың немесе бағдарламаның атауы, өтініш берушінің түсіндірмесі;
- басылымның данасы, жүктелген және сақталған даулы материал, жарияланымға сілтеме;
- мүдделі тұлғаның немесе ұйымның атынан комиссияға жүгіну үшін өкілеттіктер.

9.5. Комитет берілген өтініштерді екі апта ішінде қарайды және 15-інші күні өз шешімін шығарады.

9.6. Комитет шешімі

Комитет бұл іс-қимылдар медианың базалық принциптеріне сәйкес келетіні немесе келмейтіні туралы шешім қабылдайды. Комитет өтініштерді қарау кезінде ең бастысы жаза емес, өтініште көрсетілген тараптардың татуласуы үшін жағдай жасау, сондай-ақ келісім мен өзара құрметке қол жеткізу екенін түсінеді. Осыған байланысты Комитет мынадай ықпал ету шараларын қабылдай алады:

Өтініш берушінің талаптарын қанағаттандыру. Медианың негізгі принциптерін бұзған тарап өтініш берушіден кешірім сұрауы керек. Тіпті жұрт алдында кешірім сұрауға да баруы мүмкін.
● Егер дау шығарушы тарапы абайсызда жіберілген қатенің салдарынан медианың негізгі принциптеріне сәйкес келмейтін іс-әрекеттерге жол берсе, ескерту жасалады. Ескерту жарияланым үшін міндетті емес, оны Комитет медиа, медиа жетекшісі және өтініш берушіге жолдайды.
● Егер медиа негізгі медиа принциптеріне сәйкес келмейтін іс-әрекетке жол берсе, Комитеттің өтініші қабылданады. Бұл өтініш дауласқан тараптарға, сондай-ақ медианың негізгі принциптерін тану туралы меморандумға қол қойған барлық тұлғаға жіберіледі. Медиа Комитеттің осы мәлімдемесін жариялауға құқылы.

Комитет мүшелерінің жартысынан көбі дауыс берсе, Комитеттің шешімдері, қабылданды деп есептеледі, тең дауыс беру кезінде Комитет төрағасының дауысы шешуші болады.

Комитет консультант ретінде сарапшыларды тартуға құқылы.

Егер шешімді өзгерте алатын жаңадан ашылған мән-жайлар анықталса, Комитет өз шешімін қайта қарауға құқылы.

Комитет шешімінде келесі жайлар міндетті түрде көрсетілуі керек:

● Отырыс өтетін күн;
● Комитет отырысы мүшелерінің құрамы;
● Өтініштің және дауға қатысушылар ұсынған материалдардың негізгі мазмұны;
● Дауға қатысушылардың комитеттің кәсіби-этикалық юрисдикциясын тану фактісі;
● Комитет отырысына қатысушылардың сөйлеген сөздерінің негізгі мазмұны;
● Ақпараттық даудың мәні бойынша Комитеттің түйіні.

9.7. Қазақстан медиасының өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті Кәсіби этика туралы білімді тарату, медианың негізгі принциптерін көпшілікке тарату және онда қабылданған нормаларды сақтау үшін ағартушылық қызметпен айналысады.
Түймені басу арқылы құжатты қабылдаудың қысқа процедурасынан өте аласыз
Made on
Tilda